Қазақстан киносына 21 млрд теңгеге жуық қаражат салынған
Қазақстанда креативті индустрия біртіндеп экономиканың маңызды секторына айналып келеді. Бүгінде бұл салада 228 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал кино, IT, жарнама, дизайн, сәулет және басқа да шығармашылық бағыттардың ел экономикасына қосқан үлесі былтыр 2,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл туралы «Әділет» партиясында өткен Креативті экономика туралы заң жобасының жұмыс тобының отырысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Вице-министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда креативті индустрия бағытында жұмыс істейтін 67,5 мың субъект бар. Олар 228 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал 2025 жылы осы салаларда қалыптасқан қосылған құн 2,7 триллион теңгені құраған. Оның 66 пайыздан астамы Алматы мен Астана қалаларына тиесілі.
Бұл көрсеткіш креативті индустрияның жай ғана шығармашылықпен айналысатын адамдардың ортасы емес, ел экономикасына нақты табыс әкелетін үлкен нарыққа айналып келе жатқанын аңғартады.
«Креативті индустрия субъектілерінің бюджетке төлеген салықтарының көлемі 207 миллиард теңгені құрады. Бұл мыңдаған кәсіпкердің, маманның, дизайнердің, сәулетшінің, кинематографистің және басқа да шығармашылық кәсіп иелерінің еңбегінің нәтижесінде қалыптасқан елеулі экономикалық көрсеткіш», – деді Рустам Әли.
Вице-министр келтірген дерекке сүйенсек, қазір креативті экономиканың ең ірі бағыты – IT және ойын индустриясы. Оның жалпы қосылған құндағы үлесі 41 пайызға жеткен. Ал дәстүрлі шығармашылық бағыттардың ішінде сәулет, сән және дизайн салалары алдыңғы қатарда. Олардың үлесі шамамен 20 пайызды құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің өңірлерінде 20-дан астам креативті алаң мен хаб ашылған. Мұндай орталықтар шығармашылық мамандардың басын қосып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға және өз өнімдерін нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Қазақстан киносына 21 млрд теңгеге жуық қаражат салынған
Креативті экономиканың қарқын алған бағыттарының бірі – кино өндірісі. Рустам Әлидің айтуынша, өткен жылы Қазақстанда 107 отандық фильм түсірілген. Бір фильмді өндіруге орта есеппен 200 миллион теңге жұмсалатынын ескерсек, кино өндірісіне салынған жиынтық инвестиция көлемі 21 миллиард теңгеден асады.
Ал Қазақстанның кино нарығының жылдық көлемі 45-50 миллиард теңге шамасында бағаланып отыр.
Отандық кино нарығымен қатар Қазақстанға шетелдік түсірілім топтары да қызығушылық таныта бастаған. Мәселен, «Доспехи Бога 4» фильміне шамамен 5 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция тартылған.
«Бұл Қазақстанның тек отандық контент өндіретін алаңы ғана емес, сонымен қатар халықаралық киножобалар үшін де тартымды бағыт бола алатынын айқын көрсетеді», – деді вице-министр.
Осы тұрғыда Мақсат Қиқымов атышулы Джеки Чанның Қазақстанда түсірілген танымал фильміне ақшаны несие алғанын мойындады.
«Фильмді түсіретін кезде серіктестер іздедік, инвесторлармен жұмыс істеп ақша жинадық. Қаржының жартысын қайдан аламыз деген кезде кредит алдық. 6,5 пайызға юаньмен несие алып, фильмді түсіріп бітірдік. Фильм прокатқа шыққаннан кейін осы ақшаны қайтарамыз деп ойлаймыз», - деді Dala Edge Creative Tech Park басшысы Мақсат Қиқымов.
Видео ойындар нарығы 160 млрд теңгеге жетуі мүмкін
Қазақстанда кино өндірісімен қатар бейне ойындар нарығының да әлеуеті жоғары. Болжам бойынша 2027 жылға қарай еліміздегі бейне ойындардың тұтынушылық нарығы 160 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.
«Бұл бағыттың дамуы ойын әзірлеушілеріне, бағдарламашыларға, дизайнерлерге және басқа да IT мамандарына жаңа мүмкіндік ашуы ықтимал», - деді Рустам Әли.
Сонымен қатар жарнама индустриясы да креативті экономиканың маңызды бөлігі саналады. Өйткені бұл салада да шығармашылық идеялар нақты коммерциялық өнімге айналып, жұмыс орындары ашылады және бюджетке салық түседі.
Вице-министрдің пікірінше, бұл Қазақстанда креативті индустрияның экономикалық әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен оның басым бөлігі Алматы мен Астанада шоғырланған. Сондықтан алдағы уақытта өңірлердегі шығармашылық кәсіптерді дамыту, отандық өнімдердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық жобаларға инвестиция тарту маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.