Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында Н.Әлімқұлов атындағы мектепке жартылай жалаңаш ер адам кіріп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Оған назар аударсақ, жартылай жалаңаштанған ер адам мектеп аумағында жүгіріп жүргенін, аяғында басымен секіріп, терезесін шаққан соң ішке кіріп кеткенін байқауға болады.
Оқыс жағдайға байланысты агенттік тілшісі Алматы облысының Полиция департаменті сауал жолдап, оқиғаның мән-жайын анықтады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқушылар мен педагогтер арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысында күдіктінің психикалық денсаулық жағдайына тиісті тексеру жүргізіледі», – делінген ПД хабарламасында.
Өз кезегінде аталған мектептің басшылығы бұл оқиғаның сабақ арасындағы үзіліс уақытында болғанын мәлім етті.
«Әлімқұлов атындағы орта мектепте 2026 жылдың 11 қарашасы күні үзіліс уақытында төтенше жағдай болды. Белгісіз ер адам кабинет терезесінің әйнегін сындырып, сынып бөлмесіне кіріп кеткен. Бұл жағдай оқушылар мен педагогтерге қауіп төндіріп, оқу процесіне кедергі келтірді. Оқыс жағдай кезінде мектеп әкімшілігі шұғыл шаралар қабылдап, 102 және 103 қызметтеріне хабар берді және дабыл белгісін басты. Ер мұғалімдер жедел көмекке келіп, оны кабинет ішінде ұстап тұрды. Тиісінше оқушылардың қауіпсіздігіне бірінші көңіл бөлінді. Қазір оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр», – деп хабарлады мектеп әкімшілігі.
Ал Каскелең қаласының білім бөлімі оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінгенін мәлім етті.
«Каскелең қаласындағы Әлімқұлов атындағы орта мектептің оқу кабинетіне бір ер адам терезені сындырып кіріп кеткен. Мектеп әкімшілігі оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Оқушыларға психологиялық қолдау көрсетілді, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», – деп түсіндірді мемлекеттік орган өкілдері.