Ол бұл жайлы «YouTube» арнасына шығарған видеосында айтты
Өздеріңіз білетіндей, қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйген әкенің әрекеті әлі күнге дейін талқыланып жатыр. Осы оқиғадан кейін балаға сүйіспеншілікті, махаббатты қалай көрсету керек деген сұрақ та қоғам назарын аударды. Психолог Ержан Мырзабай әке мен қыз арасындағы қарым-қатынаста қандай шекара сақталуы керек екенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маманның айтуынша, әке қыз баланың өмірінде ерекше рөл атқарады. Тіпті оның алғашқы махаббаты деп те атайды. Алайда балаға мейірім көрсету мен жеке шекарасын бұзудың ара-жігін ажырата білу керек.
«Ең бірінші, қыз бала өскен сайын, әсіресе өтпелі кезеңде психологиялық, сонымен қатар физиологиялық тұрғыдан да өзгеріп, жетілетінін ескеру керек. Бала өскен сайын оның жеке шекарасыда кеңейеді. Мұны анасы да, әкесі де ұмытпауы керек», – дейді Ержан Мырзабай.
Әсіресе интимді аймақтарға қатысты және белгілі бір сезім тудыруы мүмкін әрекеттерден аулақ болған жөн.
«Әке ретінде қызымызды құшақтаймыз, сүйеміз. Бірақ маңдайынан сүйіп, басынан иісіпкеп, құшақтасаңыз жетеді. Бұл жерде баланың сол сәттегі реакциясы да өте маңызды. Кейде олар жеке шекарасының бұзылып жатқанын байқамауы мүмкін. Қыз балалар кейде педофилдердің әрекетіне де реакция көрсете алмай жатады. Өйткені ненің дұрыс-бұрыс екенін, таныс адамның мұндай әрекет жасауы қалыпты ма, жоқ па – түсінбеуі мүмкін», – деді психолог.
Ол қыздарымен түрлі тақырыпта сөйлесетінін айтып, мақтанатынын жігіттерді сынға алды. Оның пікірінше, кейбір жеке тақырыптарды талқылауда әке-шешенің өз орны мен жауапкершілігі болуы керек.
«Әке ондай тақырыпта сөйлесетін адам емес, ол жағынан анасы бар», – дейді маман.
Сонымен қатар үйдегі қарым-қатынас баланың қоғаммен байланыс орнатуына үлгі болатынын еске салды.
«Бүгін әкесі қызының ернінен сүйсе, бала оны қалыпты әрекет деп қабылдайды. Ал ертең басқа танысы, туысы, көкесі де солай сүйсе, оған да қандай реакция көрсету керегін білмеуі мүмкін», – дейді Ержан Мырзабай.
Сондықтан ер азаматтарға екі ортаны табуы керек екенін айтады. Яғни қызынан тым алыстап кетпей, сонымен бірге оның жеке кеңістігіне орынсыз араласпаған жөн.
«Егер сіз қыз баланың әкесі болсаңыз, осы екі шекараны жақсы ажырата білуіңіз керек. Бір жағынан, балаңыздан алыстап кетпеңіз. Екінші жағынан, жақын боламын деп шектен тыс етене араласып кетпеңіз», – деп кеңес берді маман.
Сондай-ақ ол ерлі-зайыптының бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді бірге талқылап, бір-бірінің әрекетін ашық саралап отыруы керек екенін мәлімдеді.
Сөз соңында ол: «Айтпақшы, қызының ернінен сүйген азаматтан «сенің де кішкентай кезіңде әкең мен анаң ерніңнен сүйетін бе еді?» деп сұрау керек», – деді.