Шенеуніктер лауазымдық өкілеттіктерін жеке мақсатта пайдаланғаны үшін істі болып жатыр
Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы сапасыз салынған жолға жүздеген млн теңге жұмсағаны әшкере болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шенеуніктер тіпті салынған жолды мемлекеттік сараптамадан өткізбей-ақ мердігерге 202 млн теңге төлей салған. Сол сияқты шарт талаптарын орындамағаны үшін 27 млн теңге көлеміндегі тұрақсыздық айыбын да өндіріп алмаған болып шықты.
Басқарма қызметкерлері лауазымдық өкілеттіктерін жеке мақсатта пайдаланғаны үшін істі болып жатыр.
«Прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеп-тексеруді Алматы қаласы ҰҚКД-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер таратуға жатпайды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданында шенеунік жол салуға бөлінген ондаған миллион теңгені сыбайластарымен бірге жымқырғаны хабарланған.