Тұтас қоғамның игілігі үшін іске асатын тарихи құрылыс – Президент «Халықтық құрылыс» науқанының маңызын атады

Автор: Асыл Арман

Барлық өңірде мыңдаған жұмыс орны ашылып, отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік берілмек

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол өз сөзінде 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болатынын еске салды.

«Баршаңызға мәлім, қазір еліміздің алдында маңызды міндеттер тұр. Бәріміз бір ел болып «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыратын болдық. 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болмақ. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады. Еліміз бойынша әртүрлі әлеуметтік нысандар – балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт инфрақұрылымы және басқа да ғимараттар, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар, әуежайлар салынады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты барлық өңірде мыңдаған жұмыс орны ашылып, отандық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік берілетінін тілге тиек етті.

«Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихында мұндай ауқымды жоба бұрын-соңды болған емес. «Халықтық құрылыс» – мазмұны кең, мән-мағынасы терең нағыз халықтық жоба. Біз ел игілігіне қызмет ететін нысандар салып, тұтас мемлекетіміздің келбетін жаңартамыз, бүкіл ұлтымыздың сана-сезіміне серпін береміз», – дейді президент.

Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» елді бір мақсат пен мүддеге біріктіретініне тоқталып өтті.

«Бірақ ең маңызды мәселе – біз келешек ұрпақтарға тұжырымдамалар мен жоспарлар, шетелдегі құнды қағаздарда сақталған, уақыт өткен сайын арзандап бара жатқан қаржыны емес, халыққа қызмет ететін нақты әлеуметтік нысандарды аманат ретінде қалдыруымыз керек. Құрылыспен айналысу – жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылу. Сондықтан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөз жаңғыру жолына түскен Қазақстанның мызғымас қағидаты, жалпыұлттық ұраны болуға тиіс. «Халықтық құрылыс» жұртымызды бір мақсат пен мүддеге біріктіреді, елімізді нағыз өрлеу мен өркендеу жолына бастайды», – дейді мемлекет басшысы. 

Осыған орай, алдағы үш жыл ішінде Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінетін болды.

«Арнайы комиссия бұл ауқымды қаражаттың үнемді, жымқырусыз жұмсалуын мұқият бақылауда ұстайды. Қазір бұл комиссияның құрамын қарап жатырмын. Ең басты талап – мүшелер айқай-шусыз, даңғаза жасамай, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде, тиімді атқаруы керек», – деп президент ойын жеткізді.