«Сүйісу атымен болған жоқ»: Өскеменде қызын туған күнімен құттықтаған әке оны қалай «иіскегенін» көрсетті (ВИДЕО)

Автор: Тәжібай Әлия

Ол бұған дейін де видеоүндеу жолдаған 

Фото: скриншот

Қызын туған күнімен құттықтаймын деп әлеуметтік желіде дау тудырған Өскемен қаласындағы азамат тағы да мәлімдеме жасады. Ол қызының ернінен сүймегенін айтып, сол сәтте тұңғышына деген әкелік сезімнен көңілі босап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол видеода қызын қалай иіскегенін көрсетті.

«Әке бақытын сыйлаған, жауапкершілікті сезіндірген тұңғыш бала ата-анаға тәтті болады деп ойлаймын. Ол жерде сүйісу атымен болған жоқ. Көңілім босап, бетінен иіскеп, құшақтап, құттықтап торт бердік. Ал енді әрі қарай әркім көргісі келгенін көрді», – деді ол.

Айта кетейік, қыздың ата-анасы бұған дейін де мәлімдеме жасаған еді. 

«Айдың-күннің аманында жақсылық істесе, жасыратын, жамандық істесе асыратын, одан түк таба алмаса, ойдан құрастыратын заманда өмір сүріп жатырмыз. Резонанс туып жатыр ғой. Біз ешкімнің алдында ақталмаймыз. Түбі ақиқат ашылып шығады. Қызымның туған күні. Бар жазығым, қызымды иіскелегенім. Бетінен сүйіп, мұрнынан иіскедім, тұңғышым ғой деп», – деді әкесі.

Ал Өскемен полициясы осы жағдайға байланысты тексеріс басталғанын хабарлады.