Қазақстанда отырып, шетелдік казиноларға көмектескен: олардың табысы жүздеген млн теңгеге жеткен

Автор: Асыл Арман

Олар кәсіпкерлердің мәліметтерін пайдаланып, онлайн-казиноларға миллиардтаған ақша аударған

Фото: freepik.com

Қазақстанда отырып, шетелдік интернет-казинолардың жұмысына жәрдемдескендердің былығы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар өздері ашып алған үш компанияның төлем жүйесін қолданып, шетелдік интернет-казиноларға ақша аударып отырған. Арам ойын іске асыру үшін бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген терминалды кіргізіп алған. Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар.

Олар осылайша жалпы көлемі 191 млрд теңге аударып, интернет-казиноларға көмек көрсеткен. Ал осы қызметі үшін 286 млн теңге комиссиялық сыйақы алған.

Ал ақшаның қандай мақсатта аударылғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің жеке мәліметтерін пайдаланған. Олардың кейбірі тіпті өз мәліметтерінің пайдаланылғанын да білмеген.

Олардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркеп қойған. Жоғарыда айтылған ақша жалған келісімшарттар мен арнайы ашылған сайттар арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде көрсетілген. Қаражат шетелдіктерге, криптовалюта арқылы да аударылып келген.

«Осы қылмысты ұйымдастырған адам қамалды. Соттың рұқсатымен төрт көлікке және 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді», – делінген ҚМА хабарламасында.