9 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ел аумағында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі

Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 2026 жылғы 9 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Ел аумағында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Әсіресе республиканың солтүстік, оңтүстік және орталық өңірлерінде жауын-шашын мол түседі деп болжануда. Елдің оңтүстік-шығысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Синоптиктердің болжамынша, алдағы тәулікте республика аумағында бірнеше қауіпті табиғи құбылыс күтіледі. Елдің бірқатар өңірінде жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі. Сонымен қатар батыс және солтүстік өңірлерде көктайғақ болады.

Бұдан бөлек, еліміздің бірнеше облысында өрт қаупі сақталады. Атап айтқанда, Атырау, Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Абай облыстарының кейбір аумақтарында жоғары өрт қаупі болжанып отыр.

Ал Қызылорда облысында, сондай-ақ Ақтөбе, Түркістан және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі жарияланған.