Жалпы ауданы 105 шаршы метрді құрайтын бір қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай жаңартылды
Жетісу облысында 1999 жылы пайдалануға берілген Жайпақ станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды. Ауқымды жөндеу нәтижесінде вокзал ғимараты толықтай жаңартылып, жолаушыларға арналған инфрақұрылым сапалы түрде абаттандырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жайпақ станциясындағы вокзал Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуден өтті. Жалпы ауданы 105 шаршы метрді құрайтын бір қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай жаңартылды. Қасбеті сәндік сылақпен әрленіп, іргетасы гранитпен қапталды, еденіне керамогранит төселді. Құрылыс кезінде отандық материалдар пайдаланылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай есіктер мен қосымша эвакуациялық жолдар жабдықталды. Сондай-ақ жолаушыларға арналған перрон аумағы абаттандырылды.
III санатқа жататын Жайпақ станциясы арқылы Достық және Жалаңашкөл станцияларымен қатынайтын екі жолаушылар пойызы жүреді. Вокзалды жаңғырту жұмыстары жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен сапар кезіндегі қолайлылықты арттыруға бағытталған.