Еңбек адамының әл-ауқаты мен өңір дамуы: Құрылтай депутаттары ШҚО-да кездесу өткізді
Шығыс Қазақстан облысында Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері жергілікті тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және жастармен жүздесті. Онда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған тапсырмалар мен алдағы міндеттер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Глубокое ауданы мен Риддер қаласында өткен жиындарда әлеуметтік және коммуналдық нысандар, денсаулық сақтау, ғылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жастарға жасалатын мүмкіндіктер секілді мәселелер талқыланды.
Глубокое ауданында «Әділет» партиясының депутаты Ерлан Сайыр, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков және мемлекеттік органдар өкілдері аудан активімен, мәдениет және спорт қызметкерлерімен кездесті. Тұрғындар медициналық қызмет сапасын арттыру, жолдарды жөндеу, сапалы ауызсу, жылумен қамту және ауылдарды абаттандыру мәселелерін көтерді.
Ерлан Сайыр өңірдегі ірі жобалар Шығыс Қазақстанның туристік, көлік және цифрлық хабқа айналуына мүмкіндік жасайтынын айрықша атап өтті. Сол сияқты алдағы үш жылда әлеуметтік инфрақұрылымға 6,5 трлн теңге бөлінгеніне, денсаулық сақтау саласында 70 нысан, білім беру, мәдениет және спорт бағыттарында 50 нысан салу жоспарланғанына тоқталды.
Құрылтай депутаттары Олжас Нұралдинов пен Жұлдыз Данбаева Риддерде жергілікті активпен, «Алтай» ботаникалық бағының және «Водоканал» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Онда қаланың өндірістік мүмкіндіктері, жылу электр орталығын жаңарту, су құбырлары мен кәріз жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелері сөз болды.
Өз кезегінде «Водоканал» кәсіпорнының сарқынды суды тазарту нысандары тәулігіне 26 мың текше метр суды өңдейтіні де қозғалып өтті. Ал оның жобалық қуаты – 34 мың текше метр. Сонымен қатар кәсіпорынның 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген.
Ал «Алтай» ботаникалық бағында өткен кездесуде ғылыми зерттеулерді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды. Депутаттар президент жолдауында көтерілген маңызды бастамалардың бірі – ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарына ерекше тоқталып өтті. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион адамның табысына әсер етуі мүмкін.
Ботаникалық бақтың ғылым, мониторинг, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің маманы Людмила Винокурова да еңбек адамдарының тұрмыс сапасын жақсартуға арналған бастамалардың маңызын атап өтті.
«Жалақы мен өмір сүру деңгейіне қатысты бастамалар әр адамға әсер етеді. Біздің жұмысымыз табиғатты, орманды қорғаумен, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырумен тығыз байланысты. Сондықтан жолдауда айтылған міндеттерді алдағы қызметімізге бағдар ретінде қабылдаймыз. Әрқайсымыз өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз», – деді Людмила Винокурова.
Кездесулердің тағы бір бағыты – жастармен диалог. Өскеменде «Жастар Рухының» белсенділері мен жастар бас қосып, түрлі бастамаларға атсалысу, әлеуметтік жауапкершілік және өскелең ұрпақтың аймақтың дамуына қосар үлесі ерекше айтылды.
Глубокое ауданы мен Риддерде өткен кездесулер өңірдің дамуы ең алдымен тұрғындардың күнделікті тұрмысымен байланысты мәселелерді шешуге бағытталуы керектігін көрсетті.