Өңірлерді дамыту: Құрылтай депутаттары ШҚО тұрғындарымен кездесті

Автор: Тәжібай Әлия

Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды

Фото: ШҚО әкімдігі

Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шығыс Қазақстан облысының бірқатар қаласы мен ауданында тұрғындармен кездесіп, өңірді дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков пен ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Касенов Глубокое ауданы активімен кездесті. Ал Құрылтай депутаттары Олжас Нуралдинов пен Жұлдыз Данбаева, ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов және ҚР Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев Риддер қаласына жұмыс сапарымен келді.

Кездесу барысында «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Мемлекет басшысы Жолдауының іске асырылуы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды.

«Бүгінде Шығыс Қазақстан қарқынды дамып келеді. Төрт жаңа аудан құрылды,еліміздегі ең биік көпір пайдалануға берілді, екі әуежай мен көлік айрығы салынып жатыр, бірегей гематология орталығы жұмысын бастады. Бұл жобалар өңірдің XXI ғасырдағы экономикалық үрдістерге сай туристік, көлік және цифрлық хабқа айналуына мүмкіндік береді», – деді Ерлан Саиров.

Кездесу барысында экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қаралды. Депутаттың айтуынша, алдағы үш жылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 6,5 трлн теңге бағытталып, 70 денсаулық сақтау нысаны және білім беру, мәдениет пен спорт салаларында 50 нысан салу жоспарланып отыр.

Аудан тұрғындары елді мекендерде медициналық пункт тапшылығы мәселесін көтерді.

«Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қарастыру қажет. Жаңа медициналық пункттер салумен қатар, қолданыстағы нысандарды жаңғырту керек. Әлеуметтік инфрақұрылымды халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, озық қарқынмен дамыту маңызды», – деп атап өтті Ерлан Саиров.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Денис Рыпаков мәселелерді көтерумен қатар, олардың шешу жолдарын іздестірудің маңызына тоқталды. Өзекті мәселелер қатарында коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды дамыту және жастарға қолайлы жағдай жасау бар.

«Глубокое ауданының өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және адами әлеуеті зор. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі тұрақты назар аударуды талап етеді», – деді Денис Рыпаков.

Ол жылумен тұрақты қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауылдарды абаттандыру және сапалы ауызсумен қамту мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

Риддер қаласында өнеркәсіптік әлеует пен қалалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылды. Олжас Нуралдинов қаланың өңір мен ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған маңызды өнеркәсіптік орталық екенін атап өтті.

«Риддер дамып келеді, тау шаңғысы базалары салынып, инфрақұрылым жетілдірілуде. Тау-кен өнеркәсібі маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп, қалалық инфрақұрылымды ретке келтіру қажет», – деді депутат.

Ол сондай-ақ президент Жолдауында көзделген әлеуметтік және инфрақұрылымдық бастамалар туралы баяндады.

Медицина саласында көп жылдық тәжірибесі бар Құрылтай депутаты Жұлдыз Данбаева денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесіне тоқталды. Риддерде жақында 200 орындық аурухана мен ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана ашылғанымен, медициналық кадр тапшылығы әлі де өзекті мәселе.

«Басты міндеттердің бірі – медицина қызметкерлерінің жалақысын 40 пайыз арттыру. Сонымен қатар перинаталдық орталықтар мен қалалық ауруханалар салу жоспарлануда. Елімізде жыл сайын 330 мың бала дүниеге келетінін ескерсек, перинаталдық инфрақұрылымды дамыту айрықша маңызды», – деп атап өтті Жұлдыз Данбаева.

ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров 2026 жылғы 28 қазандағы президент Жолдауында көлік саласын дамытуға қатысты белгіленген міндеттер туралы айтты. Басым бағыттар қатарында жолдардың сапасын арттыру, логистиканы дамыту, отандық тасымалдаушыларды қолдау, өткізу пункттерін жаңғырту және қызметтерді цифрландыру бар.

«Қазақстан Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық орталығына айналуы тиіс. Ол үшін халықаралық көлік дәліздерін дамытып, ішкі және өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет», – деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.

Риддер тұрғындары Өскеменмен көлік қатынасына қатысты да сұрақтар қойды. Вице-министр бұл мәселелерді тиісті мердігер ұйымдарға жеткізуге уәде берді.

Бұдан бөлек, Олжас Нуралдинов кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы айтып, келесі жылдан бастап шағын және микробизнес үшін үш жылдық мораторий енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Глубокое ауданында және Риддер қаласында өткен кездесулер әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытудан бастап, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдауға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Тұрғындармен ашық диалог өзекті мәселелерді айқындап, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асырудың алдағы бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді.