Ақорда: Астанада Ақаба процесінің саммиті өтіп жатыр (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Саммитке бірқатар мемлекеттің басшылары келді

Фото: Ақорда

Ақорда Астанада Ақаба процесінің «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған саммиті өтіп жатқанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, күні кеше Астанаға келген Иордания королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, сол сияқты Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар қатысып жатыр.

Айта кетерлігі, Ақаба процесі – Иордания королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн 2015 жылы көтерген терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық бастама.

«Аталған алаңда қауіп-қатерлерге қатысты ортақ түсінікті қалыптастыру және нақты әрекет ету шараларын үйлестіру мақсатында мемлекет басшылары, арнайы қызметтердің, әскери ведомстволардың және халықаралық ұйымдардың жетекшілері бас қосады», – делінген Ақорданың хабарламасында.