Ташкентте уланып, ауруханаға түскен қарағандылық балалар толығымен елге оралды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ташкентке барған 18 адам уланып, ауруханаға түскен

Фото: Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі

Өзбекстанның Ташкент қаласына футбол жарысына барған қарағандылық балалар уланып, ауруханаға түскен. Қазір олар ауруханадан шығып, елге оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі уланған балаларға дәрігерлер уақытылы көмек көрсеткенін жазды. Сол сияқты екі елдің денсаулық сақтау министрліктері олардың елге аман-есен жетуіне көмек көрсеткен. Дипломаттар екі елдің медицина мекемелерімен және тиісті мемлекеттік органдармен үнемі байланыста болып, консулдық әрі ұйымдастырушылық мәселелерді шешкен.

«Қазақстан елшілігі №5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының басшылығы мен медицина қызметкерлеріне, осы іске атсалысқан барлық қызметкерге жылдам көмек көрсеткені үшін шынайы алғысын білдіреді», – делінген елшілік хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Қарағандыдан Ташкентке барған 18 адам уланып, ауруханаға түскені хабарланған. Олардың 12-сі – бала, 6-ауы – ересек. Ташкентке Қазақстаннан жалпы саны 95 адам барған.