Үкімет басшысы электр энергетикасы саласының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін «Самұрық-Энерго» компаниясы жұмысын күшейтіп, энергетикалық жобалардың сапасы мен орындалу мерзіміне басымдық беретін болды. Бұл туралы компанияның жаңа басшысы Аңсар Айдаров премьер-министр Олжас Бектеновпен өткен электр энергетикасы саласының өзекті мәселелері бойынша кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аңсар Айдаровтың айтуынша, негізгі басымдық жұмыстың сапасын арттыруға, сондай-ақ жаңа генерациялаушы нысандардың құрылысын аяқтап, белгіленген мерзімде пайдалануға беруге бағытталған.
Ол Олжас Бектеновке Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту, Алматы ЖЭО-3-ті реконструкциялау, Көкшетау мен Семей қалаларында жылу электр орталықтарын салу, Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту, Қызылорда, Түркістан облыстарында бу-газ қондырғыларын салу, сондай-ақ энергия жинақтау жүйелері бар ЖЭК-ті дамыту және гидрогенерация жобаларын жүзеге асыру барысы жөнінде мәлімет берді.
Айта кетейік, бұл жиында «Самұрық-Қазына» қорының жобалары мен Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайту жөніндегі шаралар талқыланды.
Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаудағы сынынан кейін «Самұрық-Энерго» АҚ-ның бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтов жұмысынан қуылған.