«Қазақ аруы» байқауында сұрақтар алдын ала таратылған ба: бойжеткен жетпіс сауалға жауап іздегенін мәлімдеді

Автор: Тәжібай Әлия

Сонымен қатар осы жылы бақ сынаған арулардың білім деңгейіне көңілі толмағанын жасырмады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

«Қазақ аруынан» кейін әлеуметтік желідегі халық бойжеткендердің білімі мен сөз саптауын талқылап, олардың қарапайым сұраққа да тұшымды жауап бере алмағанын сынады. Ал осыдан алты жыл бұрын байқауға қатысқан қыздардың бірі жобаның ішкі тәртібіне қатысты күтпеген мәлімет айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның жазбасына сүйенсек, байқауда Қазақстанның тарихы, әдебиет, кино мен салт-дәстүрге қатысты нақты жауабы бар сұрақтар қойылған. Ең қызығы, жарысқа екі апта қалғанда жетпіске жуық дайын сұрақ берілген.

«Қателеспесем, байқаудың өтуіне екі апта қалғанда бізге жетпіс шақты сұрақ таратты. Алайда Баян Мақсатқызы «Бұлар сахнада барлық сұрақтың жауабын біліп, сайрап тұрмауы керек» деді. Сондықтан тағы да елу сұрақ қосты. Біздің кезде ChatGPT болған жоқ. Өзіміз іздеп, жауабын салыстырсақ, әркімнің мәліметі әртүрлі болатын. Оның қайсы дұрыс екенін білмей, басымыз қататын», – деп жазды ол.

Конкурсқа бұрын қатысқан бұл ару осы жылы бағын сынаған қыздардың білім деңгейіне де көңілі толмағанын жасырмады.

Ал қарапайым көрермен сұрақтардың деңгейі әртүрлі болғанына да назар аударды. Мысалы бірінен жасанды интеллектінің даму қарқыны туралы сұраса, енді біріне «әйелдің күйеуінен көп табыс табуы некеге әсер ете ме?» деген сауал қойылды. Тағы бір қатысушыдан қандай заң ұсынатыны сұрады. Айта кетейік, сұлулық конкурсы биыл «Қыз Жібек» жырына арналғандықтан, сауалдың бір бөлігі лиро-эпостық жыр мен осы шығарма желісі арқылы түсірілген фильмге қатысты болды.

Ең көп талқыланған сұрақтың бірі «Таяу Шығыстағы шиеленіс кімге тиімді?» деген сауал болды. Дәл осы сұрақ түскен бойжеткен оның мәнін бірден түсінбей, жауап беруге қиналды.

Жалпы, қоғамның пікірін бір-екі ауыз сөзге сыйдырсақ, кез келген адам сұлу, ал білім деңгейі әртүрлі. Қазіргінің жастары сырт келбеті арқылы ғана емес, ой-өрісі, өмірлік көзқарасымен де ерекшеленуі құптарлық талап. Бірақ, бұндай жарыстар ең алдымен сұлулық байқауы болса, онда оған интеллектуалды жарыстың белгілерін неге қосады? Яғни, білім, саясат және ғылым саласындағы мықтыны анықтайтын жарыс көбінесе дебат форматында өтеді. 

Мұнан бөлек, көрермен конкурсты жүргізген Аша Матайдың әрекетіне ашуланып жатыр. Жүргізуші қыздарды мұқатып, олардың сөзін бөлген көрінеді. 

Ал спортшы Қуат Хамитов «Қазақ аруы» төңірегіндегі талқыға қосылып, байқаудың атауын «Баян аруы» деп өзгерту керек деген пікір білдірді.