«Қанатсыз құстар»: «Астана» телеарнасында жаңа телехикая көрерменге жол тартады

Автор: Асыл Арман

«Астана» телеарнасынан 5 қарашада «Қанатсыз құстар» телехикаясы көрсетіле бастайды

Фото: «Астана» телеарнасы

«Астана» телеарнасында 5 қарашадан бастап көрерменге «Қанатсыз құстар» телехикаясы жол тартады. Төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Нефисенің тағдыры арқылы туынды өмірдің қиындықтарына мойымаған ананың қайсарлығын, отбасы құндылықтары мен үміттің маңызын баяндайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аспанда еркін қалықтаған құстың қанаты талса, ағаш басына қонақтап, кейін қайта ұшып кете алады. Ал арманына қанат бітпей, өмірдің ауыртпалығынан еңсесі түскен адамның күйі қандай? Ол қайта самғай ала ма? «Қанатсыз құстар» телехикаясы көрерменді дәл осындай ойға жетелейді.

Хикаяның басты кейіпкері – Нефисе. Тағдырдың тауқыметін ерте тартқан жесір әйел төрт баласымен бірге өмірдің талай қиындығын еңсеруге мәжбүр болады. Жұбайынан айырылған соң, бар ауыртпалықты жалғыз өзі көтереді. Бір үзім нан табудың өзі мұңға айналған қиын шақта да ол балаларының көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Өйткені ана үшін баласының күлкісінен қымбат ештеңе жоқ.

Әр баланың өз әлемі мен арманы бар. Бірі балалық шақтың қызығын көргісі келсе, енді бірі ерте есейіп, отбасының қамын ойлауға мәжбүр. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы сериал балалық шақтың қадірін, бауырмалдықтың мәнін және отбасы алдындағы жауапкершілікті терең ашады. Телехикаядан ана махаббатының шексіздігін, бауырлардың бір-біріне деген жанашырлығын және жақсылыққа деген сенімді аңғаруға болады. Кейіпкерлердің қуанышы мен қайғысы, өмірлік таңдауы мен өкініші көрерменді бей-жай қалдырмайды.

Телехикая 5 қарашадан бастап күн сайын сағат 22:00-де «Астана» телеарнасынан көрсетіледі.