Наурыз айынан бері ұйымдастырылған экологиялық іс-шараларға 273 мыңға жуық тұрғын қатысқан
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғап, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және қаланы көгалдандырды.Наурыз айынан бері ұйымдастырылған экологиялық іс-шараларға 273 мыңға жуық тұрғын қатысып, қала аумағынан 3 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сонымен қатар заңсыз қоқыс төгілген 30 орын тазартылып, қайтадан қалдық жинауға жол бермеу үшін арнайы шектеу құрылғылары орнатылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды және өнеркәсіптік электрониканы есепке алу, бақылау және басқару бөлімінің өкілі Ерсұлтан Қапашевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар тек көшелер мен қоғамдық орындарды тазалаумен шектелмейді. Бастаманың негізгі мақсаты – қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту, жасыл желектердің санын арттыру және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыру.
«Биыл наурыз айынан бастап қалада «Мөлдір бұлақ», «Жалпықалалық сенбілік», «Таза аула», «Республикалық тазалық күні», «Бүкілқалалық тазалық күні» және «Табиғатты қорғау күні» тақырыптарында түрлі экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Оларға 273 мыңға жуық тұрғын қатысып, тазалық жұмыстарына 1 638 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 3 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды», – деді Ерсұлтан Қапашев.
Бөлім өкілінің сөзінше, қаладағы заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары да тұрақты бақылауда. Ғарыштық түсірілімдер арқылы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, олардың барлығы тазартылған. Алайда мұндай орындардың қайтадан қоқыс алаңына айналуына жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылданған.
«Ғарыштық түсірілімдер негізінде анықталған 30 заңсыз қоқыс үйіндісінің барлығы тазартылды. Сонымен бірге тазартылған аумақтарға бетон блоктар мен өзге де шектеу құрылғылары қойылды. Мұндағы мақсат – тұрғындардың белгіленбеген жерлерге қоқыс төгуіне жол бермеу және тазартылған аумақтардың қайта ластануын болдырмау», – деп атап өтті ол.
Экологиялық акция аясында қала көшелерін көгалдандыру мен абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, жалпы аумағы 48 мың шаршы метр болатын гүлзарлар жасақталып, негізгі көшелерге 1,6 миллион біржылдық қызғалдақ және 1,6 миллион көпжылдық гүл отырғызылған. Бұл жұмыстар қаланың көркін жақсартып қана қоймай, жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған.
Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жасыл желектерді күтіп-баптау кезінде суды үнемдеу мақсатында қала аумағында 73 шақырым тамшылатып суару жүйесі және 30 шақырым автоматты суару жүйесі орнатылған.
Осылайша, Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар тазалық шараларымен ғана шектелмей, қаланың экологиялық инфрақұрылымын дамыту, жасыл желектерді көбейту және тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру бағытында жалғасып жатыр.