Қазақстанда қылмыс белең алып тұр ма: ІІМ сұмдық статистиканы жариялады (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ішкі істер министрлігі қаңтар оқиғасында ұрланған қару-жарақ табылғанын хабарлады

Фото: Видеодан скрин

Ішкі істер министрлігі Қазақстанда биыл табиғат қорғау заңын бұзғандарға қатысты 100-ден астам қылмыстық іс сотқа жолданғанын мәлім етті. Сол сияқты 2 мыңнан астам заңсыз қару-жарақ тәркіленген. Олардың арасында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғандары да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, биыл тоғыз ай ішінде полиция қызметкерлері табиғат қорғау заңын бұзғандарға қатысты 119 қылмыстық істі сотқа жолдады. Сол сияқты осы аралықта 23 тоннадан астам балық аулағандар ұсталды. Оның бір жарым тоннасы – бекіре тұқымдас балық. Олардан тағы 11 келіге жуық уылдырық тәркіленген. Браконьерлерден 361 киік мүйізі, 29 шақырымға жуық тыйым салынған балық аулау торы және 345 аңшылық қару табылды. Осы ісі үшін 13 200 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

ІІМ Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы ауылдардың бірінде бір тоннаға жуық балық тиеген «Газель» көлігі табылғанын хабарлады. Балықтан бөлек, екі қайық пен қайық моторлары болған. Қазір полиция балықтың қайдан ауланғаны мен заңдылығын тергеп жатыр.

Ведомство заңсыз қару мәселесінде де жағдай ушығып тұрғанын мәлімдеді.

«Жыл басынан бері полиция заңсыз айналымнан екі мыңнан астам қару-жарақ тәркіледі. Олардың арасында қылмыстық істерге қатысы бар 184 қару мен қаңтар оқиғасында ұрланған 160 қару бар. Сол сияқты 20-23 қазан аралығында 170-тен астам атыс қаруы мен 800-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Алматы, Шымкент қалаларында және Жетісу облысында қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған төрт қару табылып, тәркіленді», – делінген ІІМ хабарламасында.

Ішкі істер министрлігі заңсыз қару-жарақты өз еркімен тапсырғандар жауапқа тартылмайтынын хабарлады.