Әр батереяда камерасының биіктігі 7,6 метр болатын 54 кокс пеші жұмыс істейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында №8 және №9 жаңа кокс батереяларының құрылысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, президентке аталған жоба Qarmet компаниясының ірі инвестициялық бастамаларының қатарына енетіні айтылды. Ал оның аясында жаңа кокс өндірісі қуатын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Мұндай ауқымдағы құрылыс комбинатта соңғы бірнеше онжылдықта болмаған.
Белгілі болғандай, бас технологиялық серіктесі – ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation компаниясы.
«Екі батереяның жалпы жобалық қуаты жылына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өндіруге жетеді. Әр батереяда камерасының биіктігі 7,6 метр болатын 54 кокс пеші жұмыс істейді. Жаңа агрегаттар домна пешін осында өндірілетін кокспен тұрақты түрде қамтамасыз етуге, оның сапасын ұдайы сақтауға және экологиялық қауіпсіздіктің анағұрлым жоғары деңгейде болуына мүмкіндік береді. 1960-1970 жылдары пайдалануға берілген өндіріс қуатын алмастыратын батереяларды келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Осылайша, Қазақстанда кокстеу өнімдерін терең өңдейтін алғашқы көмір химиясы кешені құрылады.