Тоқаев Теміртауда су жаңа трамвайға мініп, бірнеше аялдама жүріп көрді
Қалада трамвайға арналған 30 шақырым шойын жол қалпына келтіріліп, ауыстырылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртау қаласындағы қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесін өз көзімен көрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп өтіп, атқарылған істің сапасын және жаңартылған көлік инфрақұрылымының пайдалануға толығымен әзір екенін көрді.

«Qarmet компаниясы трамвайды қала халқының игілігіне екі жыл бұрын берген болатын. Содан бері аталған қоғамдық көлік қатынасы 1 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаған. Қалада трамвайға арналған 30 шақырым шойын жол қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Жаңадан заманауи 8 вагон сатып алынды. Бұл трамвайдың кестеге сәйкес тұрақты жүруіне мүмкіндік берді», – делінген Ақорданың хабарламасында.
Рельсті көлікте жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін электронды төлем жүйесі орнатылған, ал Qarmet кәсіпорнының жұмыскерлері мен ардагерлері тегін жүреді.
Өз кезегінде президент «Qarmet» АҚ басшылығымен әңгімелесу барысында металлургтер қаласындағы трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызы жайлы айтып өтті.
«Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіруде. Еңбек ұжымының да көңіл-күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.