Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы – 4,5 кг
Алматы қаласының тұрғыны үйінде мефедрон есірткісін өндіретін зертхана ашып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
34 жастағы ер адам есірткінің жағымсыз иісі мен газы көршілерінің назарын аудармас үшін зертханасын тұрғын үйдің ең жоғары қабатынан ашып, сорғышын үйдің желдеткішіне жалғап алған.
Полиция қызметкерлері үйін тінту кезінде бір килограмм мефедроннан бөлек кристалдары бар алты шыны науа, дихлорметан құйылған алты бөтелке, реактивтері бар тоғыз канистр, зертханалық ыдыстар, электронды таразылар және жеке қорғанысқа арналған киім тапқан.
«Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы – 4,5 кг. Есірткіні ұйымдастыру және өндіру бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылуы мүмкін», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.