Кәмелетке толмағандар Рудный қаласындағы Парковая көшесінен аман-есен табылды
Қостанай облысының Рудный қаласында полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз жоғалған 12 және 13 жастағы екі жасөспірім қызды жедел тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
31 қазан күні сағат 20:30 шамасында Рудный қалалық Полиция басқармасына кәмелетке толмаған екі қыздың жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
Қостанай облысында жоғалған кәмелетке толмаған қыздар бір жарым сағат ішінде табылды. Ақпарат түскеннен кейін полицияның жеке құрамы мен патрульдік экипаждар іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Жедел іздестіру шараларын жүргізген жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қыздардың жүрген жерін анықтады.
Кәмелетке толмағандар Рудный қаласындағы Парковая көшесінен аман-есен табылды. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қыздар ата-аналарына тапсырылды.
Осыған байланысты полиция ата-аналарға балалардың қайда жүргенін қадағалап, олармен тұрақты байланыста болуды ескертті.