Қазақстанның 11 қаласында ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Синоптиктер ауа сапасының нашарлауы мүмкін екенін айтып, тұрғындарға ескерту жасады

Фото: © istockphoto.com

Синоптиктер 2026 жылдың 1 қарашасында ауа сапасының нашарлауы мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарға далада болу уақытын шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 1 қарашада Қазақстанның 11 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Синоптиктердің ескертуі Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Орал, Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Алматы, Түркістан және Астана қалаларына қатысты жарияланды.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.

2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.

3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.