Екі күнге созылатын мәдени іс-шара «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығындағы «Бақшасарай» алаңында өтуде
Алматы қаласында ұлттық дәстүрлер мен заманауи шығармашылықты тоғыстырған қолөнершілердің ауқымды жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі күнге созылатын мәдени іс-шара «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығындағы «Бақшасарай» алаңында өтуде. Мұнда отандық шеберлердің төл туындылары көпшілік назарына ұсынылған.
Көрмеде авторлық әшекейлер, былғары, киіз бен керамикадан жасалған бұйымдар, тұрмыстық заттар және дизайнерлік жұмыстар қойылған. Келушілер шеберлік сабақтарына қатысып, дәстүрлі қолөнер тәсілдерін меңгере алады.
Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова бұйымдардың ұлттық мәдениетті сақтау мен туризмді дамытудағы маңызын атап өтті.
«Әрбір қолдан жасалған бұйымның артында шебердің еңбегі, дарыны мен ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі бар. Біздің міндетіміз – осы дәстүрлерді сақтап қана қоймай, қолөнердің дамуына, жаңа нарықтарға шығуына және қала тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие болуына жағдай жасау. Осындай іс-шаралар ұлттық мәдениетіміздің байлығын танытып, ата кәсіпті жалғастырып жүрген шеберлерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Ақмарал Ещанова.
Бүгінде Алматыда креативті индустрия саласында 21 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Қолөнер осы саланың негізгі бағыттарының бірі саналады. Іс-шараға Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (World Crafts Council) өкілдері де арнайы қатысып жатыр.
Алматыда ұлттық нақыштағы бұйымдар жәрмеңкесі 1 қарашаға дейін жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары қолөнер туындыларын тікелей авторларынан сатып ала алады. Жәрмеңке «Атакент» ҚІЫО-ның «Бақшасарай» алаңында (Тимирязев көшесі, 42, 1-корпус) өтеді.