Алматыда тұрғын үй қабырғасына жазу жазған бойжеткен ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға Назарбаев даңғылында орналасқан «Райымбек» тұрғын үй кешенінің аумағында болған

Фото: скриншот

Алматы қаласы Жетісу ауданында тұрғын үй кешенінің қабырғасын бүлдірген бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Назарбаев даңғылында орналасқан «Райымбек» тұрғын үй кешенінің аумағында болған. Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ғимарат қабырғасына заңсыз жазу жазған қыздың жеке басын анықтады.

Тәртіп сақшылары вандализм мен ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырып, жиналған материалдарды сотқа жолдады.

Сот шешімімен бойжеткен кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасына кесілді. Полиция өкілдері тұрғын үйдің қабырғалары, кіреберісі мен ортақ пайдаланылатын орындары барлық тұрғынға ортақ мүлік екенін еске салады. Олардың айтуынша, ғимараттарды бүлдіру сыртқы келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, тұрғындарға материалдық шығын әкеледі. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада жауапкершілік көзделген.