Ішіп алып, көлік жүргізген: Жетісу облысында әйел адам жүктімін деп жазадан құтылып кетпек болған

Автор: Асыл Арман

Ол жалған құжат дайындап, оны сотқа ұсынған

Фото: istockphoto.com

Жетісу облысында әйел адам ішімдікке мас күйде көлік жүргізген. Ол жазадан құтылып кету үшін жүктімін деп жалған медициналық анықтама ұсынған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, ол сота жеке медициналық мекеменің анықтамасын ұсынған. Алайда, тексеру барысында оның ешқандай медициналық тексеруден өтпегені, тиісінше жүктілік туралы анықтама берілмегені анықталды.

«Бұл іс бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігімен (жалған құжаттарды жасау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар, сот қаулысымен әйел адамға 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазалар тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта жалған құжат дайындау жөнінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.