Бала күтіміне берілетін төлем 308 мың теңгеге дейін жетеді: ең төменгі жалақының декреттегі аналарға қандай пайдасы бар

Автор: Темірхан Айжан

Жалақысы жоғары әйелдердің жәрдемақысы өседі

Фото: freepik.com

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері артқан соң, әлеуметтік төлемдерде өзгерістер болады. Декреттік төлемнің, бала күтіміне берілетін әлеуметтік жәрдемақының ең жоғарғы шегі артады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Декреттік төлемнің ең жоғарғы шегі артады

Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға байланысты берілетін біржолғы әлеуметтік төлем соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына қарай есептеледі. Ол 7 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспауы тиіс. Қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғандықтан, есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшері 595 мың теңгемен шектелген. Әйелдің жалақысы бұдан жоғары болса да, осы сома беріледі. ЕТЖ 110 мың теңгеге көтерілгеннен кейін есептік шек 770 мың теңгеге дейін өседі. Соның нәтижесінде табысы жоғары әйелдердің декреттік төлемі артады.

Бала күтіміне берілетін төлем 308 мың теңгеге дейін өседі

Бала бір жарым жасқа толғанға дейін берілетін әлеуметтік төлем әйелдің соңғы 24 айдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде есептеледі. Қазір ай сайынғы төлемнің шекті сомасы 238 мың теңге, өзгерістен кейін есептік шек 770 мың теңгеге жетеді. Осылайша бала күтіміне берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 308 мың теңгеге дейін артады. 

Жұмысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы көбейеді

Жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем соңғы 24 айдағы орташа айлық табысының 45 пайызы негізінде есептеледі. Бұл ретте есепке алынатын табыстың жоғарғы шегі 7 ең төменгі жалақымен шектеледі. Қазір төлемді есептеудегі ең жоғары табыс мөлшері 595 мың теңге болса, 2027 жылы ЕТЖ 110 мың теңгеге көтерілгеннен кейін бұл көрсеткіш 770 мың теңгеге жетеді. Соған сәйкес әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346 500 теңге болады, одан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталғаннан кейін азаматтың қолына 311 850 теңге тиеді.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударатын ақша көлемі өзгереді

Жұмыс беруші әр қызметкері үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударады. Бұл қаражат кейін азамат жұмысынан айырылғанда, декретке шыққанда немесе бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алғанда пайдаланылады. Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге көтерілгенде, жұмыс беруші төлейтін ең төменгі ай сайынғы әлеуметтік аударым 4 250 теңгеден 5 500 теңгеге дейін өседі. Ең жоғары аударым мөлшері 29 750 теңгеден 38 500 теңгеге дейін артады.