Қазақстан соңғы екі жылда 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттады
Қазақстанда биылғы егін ору науқаны кезінде 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл жиналған астықтың көлемі ғана емес, сапасы да ерекше.
«Элеваторларға тапсырылған егіннің шамамен 72 пайызы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген бидай үлгілерінің 48 пайызында дән маңызының мөлшері 28 пайыздан жоғары. Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90 пайызға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70 пайызға жетті. Астық сапасының жоғары болуы оны азық-түлік өндірісіне кеңінен пайдалануға, өңдеу кәсіпорындарын дамытуға және отандық өнімнің шетелдік нарықта бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Қазақстан соңғы екі маркетингтік жылда 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіштер.
Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» арқылы биыл қыркүйектен 19 қазанға дейін 1,657 млн тонна астық экспортталған. Бұл өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға көп.
«Соңғы үш жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге жуық өсті. Былтыр шаруалар 1,8 млн тонна тыңайтқыш пайдаланған. Ал 2026 жылы жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасы егістікке енгізілді. Сапалы элиталық тұқымдардың үлесі 12%-ға жетті. Бұл алдағы уақытта өнім көлемі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Биыл мамандар егін жинау жұмысына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланды», – деп жазады АШМ.