Атырауда төрт елдің домбырашылары «Алтын домбыра» байқауында бақ сынап жатыр

Автор: Махан Миражан

Биылғы өнер додасына Қазақстанмен қатар Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген 23 орындаушы қатысып жатыр

Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөзінен

Атырауда Халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы XVII «Алтын домбыра» халықаралық байқауы басталды. Биылғы өнер додасына Қазақстанмен қатар Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген 23 орындаушы қатысып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.  

Халықаралық байқауда жеке домбырашылар мен үш ішекті халық аспаптарында өнер көрсететін орындаушылар бақ сынайды. Қатысушылар екі кезеңде өнер көрсетіп, дәстүрлі күйлермен қатар қазіргі композиторлардың шығармаларын да орындайды.

Бірінші кезеңде өнерпаздар «Той бастар», «Жас екпін», «Фантазия», «Шаттық отаны» және «Жігер» күйлерін орындауы керек. Сонымен қатар өз таңдауы бойынша қазіргі заманғы композиторлардың бір шығармасын ұсынады.

Екінші кезеңде қазақстандық қатысушылар Құрманғазының «Балқаймақ», «Төремұрат» және Дина Нұрпейісованың «Өттің дәурен» күйлерін орындайды. Ал шетелдік өнерпаздар «Балбырауын», «Рондо», Әзидолла Есқалиевтің шығармаларын, сондай-ақ қазақ және өз елдерінің ұлттық туындыларын орындайды.

Байқауға қатысушылардың бірі Есен Нұрасыл үшін бұл - алғашқы халықаралық сайыс. Ол өнер додасына екі ай бойы дайындалған. 

«Домбыра тартуды оқушы кезімнен бастап үйрендім. Бұл - менің алғашқы байқауым. Сайыста Әзидолла Есқалиевтің бір шығармасын, «Той бастар» күйін және жеребе арқылы таңдалатын тағы бір күйді орындаймын», - деді Есен Нұрасыл.