Жаңаөзен қаласының экс-әкімі Жансейіт Қайнарбаев ұсталды
Ол 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Жаңаөзен қаласының әкімі болған
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзен қаласының экс-әкімі Жансейіт Қайнарбаевтың ұсталғанын растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК бұрынғы шенеуніктің ұсталғанын растағанмен, себебін құпия қалдырды.
«Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Өзге мәлімет Қылмыстық кодекстің 201-бабының 1-бөлігі бойынша жарияланбайды», – делінген ҰҚК-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.
Айта кетейік, журналист Михаил Козачков жуырда экс-әкіммен бірге Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов те ұсталғанын, олардың ісі «Топтасып, адам ұрлау» бойынша қаралып жатқанын жазды.
«Мәліметтер өте көп. Жуырда Ақтауда Қайнарбаев танысымен даулы кездесу өткізді. Бір сәтте әлгі ер адам сол жерден кетіп қалмақ болады. Алайда олар ер адамды «Лексус 600» көлігінде күштеп ұстаған. Алдын ала мәліметке сүйенсек, шенеунікке Манарбек Бисекенов пен оның адамдары көмектескен көрінеді. Кейіннен ер адамды қала сыртына шығармақ болады. Алайда жолда 8 адамнан құралған топты ҰҚК мүшелері қолға түсірді. Осыдан кейін Қайнарбаев пен Бисекенов қамауға алынды», – деп жазды Козачков желідегі парақшасында.
Жансейіт Қайнарбаев 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Жаңаөзен қаласының әкімі болған. Ал жуырда, яғни 26 қыркүйек күні Маңғыстау облысына қарасты Қарақия ауданының әкімі болып тағайындалған.