«Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрған қала мен ауылдағы инфрақұрылымдық қажеттіліктерді нақты бағалау керек екенін айтты
Мемлекет басшысының Жолдауында инфрақұрылымды жаңғырту, азаматтардың табысын арттыру, өндірісті дамыту және цифрлық экономиканы қалыптастыру міндеттері айқындалды. «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрған пікір білдіріп, мұндай бастамалардың өңір үшін де маңызды екеніне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, Жолдаудағы маңызды бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы.
«Мемлекет басшысы 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарын жариялады. Сонымен қатар 2026-2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 трлн теңге қарастыру қажет екені айтылды. Бұл бастаманың маңызын тек құрылыс көлемімен өлшеуге болмайды. Оның басты нәтижесі халықтың әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділігін арттырудан, елді мекендердің инженерлік жүйелерін жаңғыртудан, көлік байланысын жақсартудан және жаңа жұмыс орындарын құрудан көрінуі керек», – деді ол.
Сонымен қатар бұл бағыттың Батыс Қазақстан облысы үшін де маңызы зор екенін жеткізді. Оның айтуынша, қала мен ауылдағы инфрақұрылымдық қажеттіліктерді нақты бағалап, қаражатты ең өзекті мәселелерді шешуге бағыттау қажет. Жобаларды жоспарлау кезінде тұрғындардың сұранысы мен өңірдің ерекшеліктері де назардан тыс қалмау керек.
Оның ойынша, жобалардың нәтижесін тек игерілген қаражатпен немесе орындалған жұмыс көлемімен бағалау аздық етеді. Ең бастысы – нысандардың сапасы, олардың халыққа қолжетімділігі, ұзақ мерзімді пайдасы және тұрғындардың өміріне тигізетін оң әсері.
«Ауқымды бастамаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік қаражаттың ашықтығы мен тиімділігіне ерекше көңіл бөлінуі керек. Ұлттық қор ресурстарының әрбір теңгесі экономикалық немесе әлеуметтік тұрғыдан нақты қайтарым беруге бағытталуы тиіс. Бұл ретте мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің және қоғамдық институттардың өзара іс-қимылы маңызды. Азаматтардың ұсыныстарын ескеру, шешімдердің орындалуын бақылау және қоғамға ашық ақпарат беру басқару сапасын арттыруға ықпал етеді», – дейді сарапшы.
Халықтың әл-ауқаты – экономикалық саясаттың басты өлшемі
Кеше Мемлекет басшысы ең төменгі жалақының мөлшерін көбейту бастамасы жайында айтты. Қазір елдегі төменгі жалақы 85 мың болса, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 110 мың теңгеге өседі. Бұл бастаманы Бауыржан Бектұрған да маңызды қадам деп санайды.
«Жолдауда ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру мәселесінің көтерілуі азаматтардың табысын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам ретінде бағалануы тиіс. Бұл бастама еңбекке ақы төлеу жүйесіне және халықтың сатып алу қабілетіне қатысты мәселелердің өзектілігін көрсетеді. Сонымен бірге тұрақты әл-ауқатқа қол жеткізу үшін жалақыны арттырумен қатар, еңбек өнімділігін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және экономиканың өндірістік әлеуетін нығайту маңызды. Әлеуметтік саясат пен экономикалық даму өзара сабақтас болғанда ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді», – деп пікір білдірді ол.
Ал ауыл шаруашылығы мен отандық өндірісті қолдау жайында ой білдірген ол әр өңірдің экономикасы үшін ауыл шаруашылығы үнемі негізгі қозғаушы сала болып қала береді дейді.
«Жолдауда ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғырту, фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету және отандық ауыл шаруашылығы техникасын дамыту мәселелері көтерілді. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қолдауда қаржыландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл мәселелер Батыс Қазақстан облысы үшін де өзекті. Өңір экономикасында ауыл шаруашылығының орны ерекше болғандықтан, шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту, техникалық жарақтандыруды жақсарту, өнімді өңдеу мен өткізу жүйесін дамыту маңызды. Қаржылық қолдау нақты өндірістік нәтижеге жеткізіп, шаруашылықтардың ұзақ мерзімді жоспар құруына мүмкіндік беруі керек. Сонымен қатар жергілікті кәсіпорындарды дамыту мен өңдеу өнеркәсібін қолдау өңір экономикасының тұрақтылығын күшейтеді», – деді ол.
Өңірлік филиалдың міндеті – халықпен тұрақты байланыс орнату
Бауыржан Бектұрған Жолдаудың негізгі мәні – елдің даму қарқынын сақтап қана қоймай, экономикалық өсімді халықтың нақты игілігіне бағыттау екенін жеткізді. Айтуынша, «Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы үшін Жолдауда белгіленген міндеттерді өңірдің нақты қажеттіліктерімен байланыстыра қарастыру маңызды.
«Жолдауда энергетикалық қауіпсіздік пен көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне де басымдық берілді. Электр энергиясының тұрақты жеткізілуі, энергетикалық қуаттарды дамыту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру экономиканың ұзақ мерзімді өсуі үшін қажет. Батыс Қазақстанның географиялық орналасуы өңірге көлік-логистика саласында қосымша мүмкіндіктер береді. Сондықтан жол сапасын жақсарту, өңіраралық байланыстарды нығайту және кәсіпорындардың нарықтарға шығуын жеңілдету мәселелері назардан тыс қалмауы тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар партияның негізгі бағыттарының бірі – тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдау, өзекті мәселелерді тиісті деңгейде көтеру және олардың шешілуіне ықпал ету екеніне тоқталды.