Шымкентте қаланың тазалығы мен жастардың экологиялық санасын нығайтуға арналған кездесу өтті

Іс-шараға елуге тарта адам қатысқан

Шымкентте қаланың тазалығы мен жастардың экологиялық санасын нығайтуға арналған кездесу өтті
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Бүгін Шымкентте «Таза Шым» қалалық акциясы аясында қаланың тазалығына, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға арналған кездесу өтті. Іс-шара Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Кездесуге Әл-Фараби ауданы прокуратурасының прокуроры Диана Оразымбетова, Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтілеуов, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, Шымкент қаласындағы ACCESS бағдарламасының түлегі Данара Саранoва, Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Қуаныш Серікбай және 50-ге жуық жас қатысты.

Жиында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманы сақтау және қалалық ортаның тазалығына әр адамның жауапкершілігі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, жастар экологиялық мәдениетті күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру жолдары туралы өз ойларын ортаға салды.

«Өйткені, тазалық әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталады. Қоқысты жәшікке тастау, пластик бөтелкені орындықта қалдырмау, ауланы қалдықтар жиналатын орынға айналдырмау – мұның бәрі ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда, қаланың келбеті дәл осындай қарапайым әрекеттерден қалыптасады. Тазалық біреудің ғана міндеті емес, баршаға ортақ іс екенін әр адам түсінуі қажет», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қуаныш Серікбайдың айтуынша, 2024 жылдан бері «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қалада жастар экологиялық бастамаларға тартылып келеді. Тек биылдың өзінде Жастар ресурстық орталығы 80-нен астам іс-шара ұйымдастырған. Осы уақыт аралығында қатысушылар 33 тоннадан астам қоқыс жинап, арнайы орындарға шығарған. Ал, сенбіліктерге 22 мыңнан астам шымкенттік жас қатысқан. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер мен кәсіпорын қызметкерлері бар.

Естеріңізге сала кетейік, экология саласындағы негізгі мәселелердің бірі – тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,6 пайызға жетті.

Қалдықтарды басқару жобаларын іске асыру үшін 185 млрд теңге көлемінде жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылды. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары бойынша жалпы құны 293,3 млрд теңге болатын үш инвестициялық келісім жасалды.

Мақалада
#Шымкент #әкімдік