«Іске сәт, Қазақстан»: ДСҰ дәрігерлердің жалақысын көтеру туралы Тоқаевтың бастамасына қазақ тілінде баға берді
Ханс Клюге Х желісіндегі парақшасында Тоқаевтың осы бастамасына қатысты арнайы жазба жариялады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бойынша директоры Ханс Клюге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында дәрігерлердің жалақысын көтеру туралы бастамасына оң бағасын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оны Бельгия мемлекеті ұйымның бас директоры кандидатына ұсынып отыр. Ханс Клюге Х желісіндегі парақшасында Тоқаевтың осы ойына қатысты арнайы жазба жариялады.
Оның айтуынша, қуатты бастапқы медициналық-санитарлық көмек алдымен медицина қызметкерлеріне инвестиция салудан басталады.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы мамандарға көрсетілетін қолдауды күшейту туралы шешімін құптаймын», – дейді ол.
Ол өз сөзінде Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мамандардың жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін өсетінін, ал бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкеріне әсер ететінін айтып өтті.
«Бұл – халыққа қызмет көрсететін мамандарға салынған инвестиция. Олар: жалпы практика дәрігерлері, медбикелер және алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласының өзге де мамандары. Олар түрлі аурулардың алдын алуға, денсаулыққа төніп тұрған қауіпті ерте анықтауға, созылмалы аурулары бар науқастарды емдеуге және тоқтаусыз медициналық көмек көрсетуге үлес қосады», – деп атап өтті ол.
Сөз соңында ол Қазақстанға осы бастамада сәттілік тіледі.
«2028 жылы Алматыда алғашқы медициналық-санитариялық көмек туралы декларацияға 50 жыл толатыны қарсаңында осындай қадамдардың жасалуы ерекше қуантады. Қазақстанда 1978 жылы әлем елдері алғашқы медициналық-санитарлық көмекті баршаның денсаулығына қол жеткізудің негізі ретінде жариялады, ал 2018 жылы Астанада олар бұл міндеттемені қайта растады. Іске сәт, Қазақстан!» – деп жазды ол Х желісінде.
Айта кетейік, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында 77 мың маманның жалақысын көбейтетіні туралы айтқан. Артынша Денсаулық сақтау министрлігі қай салада еңбек етіп жүрген дәрігерлердің табысы артатынын нақтылады.