Олжас Бектенов инфляцияны төмендетіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды

Автор: Махан Миражан

Бұдан бөлек, ол екі шенеунікке екі апта ішінде қысқы кезеңге жететін азық-түлік қорын қалыптастыруды тапсырды

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Премьер-министр Олжас Бектенов инфляцияны тежеу, халықтың нақты табысын арттыру және азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы ол үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының Жолдауында экономикалық өсімді қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 20 қарашасына дейін инфляцияны төмендету және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіру жұмыстарын күшейту шараларын әзірлеуді тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр әкімдіктерге азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларының тиімділігіне апта сайын мониторинг жүргізіп, нәтижелері туралы Сауда министрлігіне ақпарат беруді тапсырды.

Сауда министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемелерінің сақталуын қатаң бақылауы керек. Сондай-ақ бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдауы қажет.

Бұдан бөлек, Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне екі апта ішінде қысқы кезеңге жететін азық-түлік қорын қалыптастыру тапсырылды. Олар тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандырып, азық-түлікті өндірушілерден тікелей жеткізу көлемін арттыруы тиіс.