Олжас Бектенов үкімет пен әкімдерге Жолдаудағы міндеттерді орындауды тапсырды
Үкімет басшысының айтуынша, Президент Жолдауы елдің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындап берді
Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет пен әкімдіктер қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды салу және жаңғырту жұмыстарын жалғастыруы қажет екенін айтты. Бұл туралы ол үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының айтуынша, Президент Жолдауы елдің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындап берді. Оларды орындау үшін барлық реформалар мен бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет.
«Президент Жолдауы біздің алдымызға тарихи мәні зор міндет қойып отыр. Ол – өскелең ұрпақтың игілігі үшін қуатты әрі озық экономикасы бар жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат ету», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр халықаралық және ішкі логистиканы дамыту, көлік саласын цифрландыру және электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту азық-түлік тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Капитал тарту саласында инвестицияларды басқарудың біртұтас жүйесін әзірлеу керек. Бұл инвесторларды тартып, оларды жан-жақты қолдау үшін кешенді тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Үкімет басшысы.
Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесті дамыту, бюджет пен салық саясатын жетілдіру, цифрлық экономиканы өркендету және әлеуметтік қолдау жүйесін жаңарту қажеттігі айтылды. Әлеуметтік қамсыздандырудағы жаңа тәсілдер көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік беруі тиіс.