Қазақстанда жылына 142 мың тонна сүт өндіретін 28 ферма салынады

Бұдан бөлек,  жылына 228 мың тонна сүт өндіретін 21 тауарлық сүт фермасының жобалар пулы қалыптасқан 

Қазақстанда жылына 142 мың тонна сүт өндіретін 28 ферма салынады
Фото: freepik.com

Қазақстанда жылына 142 мың тонна сүт өндіретін 28 тауарлық сүт фермасын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін еліміздің басқа өңірлеріне тарату аясында заманауи тауарлық сүт фермаларын салу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Биылғы жылдың соңына дейін іске қосылған фермалардың жобалық қуатының 70 пайызына, ал келесі жылы толық қуатына шығуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Әңгіме жалпы қуаты жылына 462 мың тонна сүт өндіретін 71 ферма туралы болып отыр», – деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылына 600 мың тоннадан астам сүт өндіруге мүмкіндік беретін 99 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде жылдық қуаты 142 мың тонна болатын 28 тауарлық сүт фермасы іске асырылу сатысында.

Бұдан бөлек, келесі жылға жылына 228 мың тонна сүт өндіретін 21 тауарлық сүт фермасының жобалар пулы қалыптасқан.