Алматыда 1938 жылы ашылған перзентхананың орнына ақыры жаңасы салынатын болды

Жаңа перзентхананы келесі жылдың көктемінде ашу жоспарланып отыр

Алматыда 1938 жылы ашылған перзентхананың орнына ақыры жаңасы салынатын болды
Фото: istockphoto.com

Алматыда 1938 жылы салынған ескі перзентхананың орнына жаңа ғимарат салынатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа ғимаратта жылына 9 мың жүкті әйелдің босануына жағдай жасалмақ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, перзентхананың қабылдау бөлімінде шұғыл ота жасауға арналған бөлме қарастырылған. Операциялық бөлмелердің жалпы саны екіден төртке дейін көбейтіледі.

«Жаңа корпустың ауданы – 10 458 шаршы метр. Жертөле мен техникалық қабаттарын қоса алғанда, үш қабатты ғимарат 155 төсекке есептелген және ана мен балаға медициналық көмек көрсетудің заманауи стандарттарына сай жобаланған. Кең әрі заманауи палаталар аналар мен жаңа туған нәрестелерге жайлы жағдай жасайды», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство дерегіне сүйенсек, перзентхананың жаңа корпусы 1938 жылы салынған, жалпы ауданы 3 347 шаршы метр болатын ескі ғимараттың орнына тұрғызылмақ. Ескі ғимараттың тірек конструкциялары мен инженерлік желілерінің апатты жағдайына, өрт қауіпсіздігі, желдету және инфекциялық бақылау талаптарына сай болмауына, сол сияқты лифтілердің болмауына байланысты бұзылған.

Жаңа перзентхананы ашу 2027 жылдың көктеміне жоспарланып отыр.