Депутат: Мұғалімді қағазбастылықтан арылтып, цифрлық платформаларды көмекшісіне айналдыру керек

Автор: Махан Миражан

Құрылтай депутаты Шолпан Қаринова мектептерде мұғалімдердің жұмысын жеңілдету мәселесіне тоқталды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Президент Қазақстан халқына Жолдауында педагог мәртебесін көтеру, ұстаздың абыройын қорғау және артық жүктемесін азайту мәселелеріне тоқталғаны белгілі. Президенттің бастамасын негізге алып, Құрылтай депутаты Шолпан Қаринова мектептерде мұғалімдердің жұмысын жеңілдету мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, мұғалімнің мәртебесі білім сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан ұстаздың кәсіби міндеттерін сапалы орындауына жағдай жасау, қағазбастылықты азайту және заманауи технологияларды тиімді пайдалану маңызды.

«Мұғалімнің мәртебесі тікелей білімнің сапасына әсер етеді. Бүгінде мұғалімдерді қағазбастылық жүктемеден арылтуға қатысты бірқатар жұмыс атқарылды. Қазір цифрлық ресурстардың көмегімен әртүрлі онлайн платформалар да іске қосылып, жұмыс істеп жатыр», – деді Шолпан Қаринова.

Депутаттың пікірінше, цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізгенде олардың санына емес, нақты тиімділігіне басымдық беру қажет. Әртүрлі онлайн платформалар ұсынатын жекеменшік ұйымдардың көбеюі мектептерден мұқият таңдау жасауды талап етеді.

Шолпан Қаринова нарықтағы платформалардың сапасы әртүрлі болуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан мектеп әкімшілігі мен осы бағытқа жауапты мамандар ұсынылған ресурстардың сапасын, тиімділігін және педагогтердің қажеттілігіне сәйкестігін бағалауы керек.

«Әр мектептің ұжымы осындай платформаларды таңдау кезінде олардың нақты оқу процесін жақсартуға және педагогикалық еңбекті тиімді ұйымдастыруға қаншалықты қажет екенін ескеруі тиіс деп есептеймін», – деді депутат.

«Платформа мұғалімге көмекші құрал болуы керек»

Шолпан Қаринова әр мектептің өзіне қолайлы цифрлық құралдарды таңдау мәселесінде жауапкершілігін арттыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, технология мұғалімге қосымша жұмыс жүктемей, керісінше, күнделікті міндеттерін орындауға көмектесуі керек.

Бұл ретте мектеп басшылығы цифрлық платформаларды таңдағанда олардың оқу сапасына ықпалын және педагогтердің жұмысын оңтайландыру мүмкіндігін ескергені жөн.

«Әр мектеп өзіне қолайлы цифрлық құралдарды пайдалану бойынша шешім қабылдап, мұғалімге көмекші болатын платформаны таңдауы керек деп есептеймін», – деді Шолпан Қаринова.

Депутаттың пайымынша, білім беру жүйесін цифрландырудың негізгі мақсаты – технологияны енгізу ғана емес, оның мұғалім мен оқушыға нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету. Ал цифрлық платформаларды дұрыс таңдау педагогтердің уақытын үнемдеп, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.