Құрылтай депутаты Айдос Сарым Жолдауда айтылған бірқатар мәселеге тоқталып, пікір білдірді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Құрылтай депутаты Айдос Сарым Жолдауда көтерілген мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру мәселелеріне тоқталып, пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Үкімет пен мемлекеттік органдар нақты нәтижеге жұмыс істеп, инвестиция тарту мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек.
Депутаттың пікірінше, алдағы бір жылда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға, заңдардың уақытылы қабылданып, тиісті нормалардың іс жүзінде орындалуына басымдық берілуі қажет. Ол мемлекеттік органдардың жұмысын бағалағанда халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен еңбек өнімділігіне назар аудару маңызды екенін атап өтті.
«Мемлекеттік қызметті, оның сапасын, халыққа нақты қызмет етуін, еңбегінің өнімділігін, жұмысының тиімділігін арттыру мәселесін қарауымыз керек», – деді Айдос Сарым.
Президент тапсырмаларының орындалуында кемшіліктер бар
Депутат Президенттің ұзақ мерзімді міндеттерді айқындап, геология, су ресурстары және басқа да салалар бойынша нақты ұсыныстар бергенін айтты. Алайда кейбір бағытта тапсырмалардың орындалуы баяу жүріп жатқанын жеткізді.
«Инвестиция тарту мәселесінде де нақты жұмыс қажет. Мемлекет басшысы шетелдік сапарларында миллиардтаған долларлық келісімдерге қол қойғанымен, инвесторлар Қазақстанға келгенде жер телімін уақытында ала алмай немесе қажетті жағдайдың жасалмауынан қиындыққа тап болуы мүмкін. Осыған байланысты әр тапсырма бойынша нақты жоспар әзірлеп, оның орындалу мерзімі мен жауапты тұлғаларды белгілеу қажет», – деді ол.
Мектеп құрылысы да назардан тыс қалмауы керек. Айдос Сарымның сөзінше, елде жаңа мектептер қарқынды салынып жатқанымен, белгіленген мерзімде аяқталмаған нысандар бар.
Сондай-ақ ол шекаралық өткізу бекеттерінің құрылысына қатысты мәселені көтерді. Президент 50 бекетті салуды міндеттегенімен, депутаттың айтуынша, әзірге оның 20-сы ғана салынған. Қалған 30 нысан бойынша жұмыстардың созылып кетуі құрылыс құнының өсуіне де әсер етіп отыр.
Депутат мемлекеттік тапсырмаларды орындау мерзімін соза бермей, олардың нәтижесіне жауапкершілікті күшейту керек деп есептейді.
Салық заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесі талқыланады
Айдос Сарымның айтуынша, Үкімет жақын күндері салық заңнамасына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын ұсынуы керек. Алайда Президенттің бүгінгі Жолдауынан кейін оны қарау мерзімі үш аптаға шегерілуі мүмкін.
Соған қарамастан, депутат Үкімет пен Құрылтай депутаттары бірлескен жұмыс тобын құрып, салық жүйесінің қай салалары мен бағыттарына өзгеріс енгізілетінін нақтылауы қажет екенін атап өтті.
Оның пікірінше, салық саясатын әзірлегенде инвестиция тарту, экономиканы дамыту және әлеуметтік әділеттілік қағидаттары қатар ескерілуге тиіс.
«Байлықты жаман нәрсе деп есептемеуіміз керек»
Депутат қоғамда байлыққа деген көзқарасқа да тоқталды. Оның айтуынша, ауқатты азаматтарды тек байлығына қарап бағалау дұрыс емес. Тарихта да дәулетті адамдардың арқасында халықтың қиын кезеңдерден аман шыққан жағдайлары болған.
Қазіргі уақытта да кәсіпкерлер мен ауқатты азаматтар салық төлеп, ел экономикасына үлес қосып отыр. Сондықтан салық саясаты инвестиция мен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірмей, сонымен бірге әділеттілік қағидаттарын қамтамасыз етуі керек.
«Біз байлық дегенді нашар дүние деп есептемеуіміз керек. Керісінше, қазақтың тарихында да бай-бағландардың арқасында халық аман қалып отырған. Қазіргі заманда да салық төлеп отырған сол байлар ғой», – деді Айдос Сарым.
Ол кейбір ауқатты азаматтардың өздеріне тиесілі 14 түрлі көмек түрінен бас тартуға ниет білдіріп отырғанын да айтты. Депутаттың сөзінше, бұл бастама әлі күшіне енбеген, оны Үкіметпен бірлесіп талқылау қажет.
Айдос Сарымның пікірінше, мемлекет бір жағынан инвестиция мен экономикалық өсімді қамтамасыз етсе, екінші жағынан қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын орнықтыруы керек. Осы екі бағыттың үйлесімді жүзеге асуы ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.