Қытайдан Еуропа құрлығына бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі автомобиль жолдарының сапасын сынға алып, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысына қатысты Үкіметке маңызды міндетті артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Келесі мәселе. Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады. Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады», - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев атағандай, әлемдік логистика ауқымды өзгерістер мен жедел даму кезеңіне қадам басты. Теңіз жолдарының осал тұстары құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырды. Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Еуразиядағы жетекші логистикалық орталыққа айналуы керек.
«Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Алайда қазіргі қолайлы жағдайға риза болып отырсақ, болашақта басқаларға ілесе алмай қалуымыз мүмкін. Сондықтан қазірден бастап халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы рөліне көшу қажет. Отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру маңызды», - деді ол.
Президент Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруды стратегиялық міндет ретінде атады.
«Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек. Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет.Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады. Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру. Сапалы жолдар мен заманауи жол бойы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәлізге немесе Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық хабқа айнала алмайды», - деді ол.
Мемлекет басшысы осы міндет қайткен күнде де шешілуге тиіс деді.
«Келесі жылы барлық автомобиль өткізу пунктін сапалы қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау қажет. Бұл жұмыс осы уақытқа дейін тиісті деңгейде жүргізілмей келді. Алдымызда республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолын сапалы салу міндеті тұр. Орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы органдар түрлі ережелер мен регламенттерді сылтауратып, бұл мәселені бір-біріне сілтеп, шешімін таппай қойды. Соның салдарынан проблема тұйыққа тіреліп, оны шешуге ешкім жауапкершілік алмағандай жағдай қалыптасты», - деді ол.
Осыған байланысты мемлекет басшысы тапсырма берді.
«Республикалық маңызы бар, яғни орталықтың қарауындағы барлық жолға да, әкімдіктерге қарайтын жергілікті жолдарға да Көлік министрлігі арқылы Үкімет жауапты болуы керек. Республикалық жолдар жалпы жол желісінің шамамен 26 пайызын алады. Қайталап айтамын: бізге сапасы өте жоғары жолдар қажет. Битумның немесе қиыршықтастың сапасын сылтау етуге болмайды», - деді президент.