5 млн адам көрген жазба: бір перзентханада туған төрт бала 20 жылдан кейін әлеуметтік желіде бірін-бірі тапты

Автор: Махан Миражан

Желі қолданушысы Санжар Даярбек Жамбыл облысы Жуалы ауданында 2005 жылы қаңтар айының алғашқы аптасында перзентханада бірге жатқан балаларды іздеймін деп суретін жүктеген

Фото: magnific.com

Әлеуметтік желіде жаңа тренд пайда болды. Енді жастар желі көмегімен өзімен бір күнде дүниеге келген балаларды іздеуге көшті. Соның ішінде жақында перзентханада бірге суретке түскен 4 сәби 20 жылдан кейін Treads желісінен бір-бірін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Желі қолданушысы Санжар Даярбек Жамбыл облысының Жуалы ауданында 2005 жылы қаңтар айының алғашқы аптасында перзентханада бірге жатқан балаларды іздеймін деп суретін жүктеген. Оның бұл жазбасын екі күнде 5 млн-ға жуық адам қараған. Нәтижесінде суретте өзімен бірге жатқан үш адамның кім екенін тапқан. Олар Дана, Анель және Әділет есімді балалар екені анықталған. 

Желідегі жазбадан өздерін танып, астына бірге түскен суреттерін жариялап, әсерлерімен бөлісті.

Сонымен қатар жазба авторы табылған «перзентханаластарымен» алдағы уақытта кездесіп, араласып тұруға уәде еткендері жайлы жазды.

«Бұйыртса, реті келсе жиналып тағы бір рет осындай суретке түскіміз келеді. Ол да болып қалар. Әуелі Алланың құдіреті, содан кейін тредсте бөліскендердің күшімен төртеуіміз табылдық. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді», - дегендей бір жақсы жаңалық болып қалар. Баршаға рахмет!», - деп жазды Санжар Даярбек.

Бұл жағдай көпті тәнті етіп, желіде осыған ұқсас жазба қалдырып, өздерімен қатар туғандарды іздеу трендке айналды.