Денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман, оның ішінде 84 мыңға жуық дәрігер еңбек етеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында елімізде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және медицина кадрларын қолдау шаралары белсенді жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Үкіметі медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, білім беру сапасын жақсарту және саланы цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Елімізде денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман, оның ішінде 84 мыңға жуық дәрігер еңбек етеді. Атырау, Астана және басқа да өңірлерді қамтыған инфрақұрылымдық жаңарулар оң нәтиже беруде.
Соңғы бес жылда Қазақстанда 1 003 жаңа медициналық нысан ашылды. Оның ішінде 10 аурухана, 14 емхана және 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар. Нысандардың 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Осы кезеңде дәрігер тапшылығы 20,4%, ал ауылдық жерлерде 28,3% қысқарды. Әлеуметтік қолдау 1 760 дәрігерге көрсетілді. Баспанамен қамтамасыз етілген медицина мамандарының саны 3,3 есе өсіп, 727 адамға жетті. Ауылға жұмысқа барған 529 маманға 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем берілді. Қазір жоғары оқу орындарында 72 мыңнан астам студент, колледждерде 110 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Сонымен қатар «IT-медицина» бағыты дамып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында медицинадағы жасанды интеллект орталығы ашылды.
Мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде өңірлердегі кадр тапшылығы мен демографиялық көрсеткіштер ескерілетін болады.