Республика күні: Шымкентте 100 метрлік ту тұғырына Мемлекеттік ту көтерілді

Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, шаһар тұрғындары, қоғам өкілдері мен белсенді жастар қатысты

Республика күні: Шымкентте 100 метрлік ту тұғырына Мемлекеттік ту көтерілді
Фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкент қаласында Республика күніне орай 100 метрлік ту тұғырына Мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, шаһар тұрғындары, қоғам өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Қатысушылар мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетіп, ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірліктің маңызын атап өтті.

Мемлекеттік туды биік тұғырға көтеру рәсімі Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бірі болды. Көк байрақ Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін және елдің ортақ құндылықтарын білдіретін басты рәміздердің бірі саналады. Оған деген құрмет Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті көрсетеді.

Биыл 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға 36 жыл толып отыр. Тарихи құжат Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалап, елдің тәуелсіздік алуына жол ашты. Осы күннің тарихи маңызы ескеріле отырып, 25 қазан Республика күні ретінде қайта белгіленді.

Республика күні – мемлекеттіліктің қалыптасу тарихын еске алып, тәуелсіздіктің қадірін түсінуге мүмкіндік беретін ұлттық мереке. Бұл күн елдің өткеніне құрмет білдіріп қана қоймай, болашаққа деген жауапкершілікті де арттырады.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылатын осындай іс-шаралар мемлекеттік рәміздердің мәнін түсіндіруге, әсіресе жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Мемлекеттік туды көтеру рәсімі тұрғындарға ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Бүгінде Республика күні Қазақстанның қоғамдық өміріндегі маңызды мерекелердің бірі саналады. Ол азаматтарды ортақ мақсаттарға жұмылдырып, елдің дамуына үлес қосуға үндейді. Шымкентте өткен салтанатты рәсім де тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеп, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталды.

Айта кетейік, Шымкент қаласының «Астана» алаңында Республика күніне арналған ауқымды мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Мерекелік концерт ертең де «Астана» алаңында өз жалғасын тауып, соңы сән-салтанатты отшашумен қорытындыланбақ.