Шымкент қаласының «Астана» алаңында Республика күніне арналған ауқымды мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан халықтық іс-шара елдік пен бірлікті айшықтайтын жарқын мерекеге айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған салтанатты кеште жергілікті шығармашылық ұжымдармен қатар елімізге танымал өнер жұлдыздары — Маржан Арапбаева, Қайрат Түнтеков, Әділет Жауғашар, Сырым Исабаев, Заттыбек Көпбосынұлы және Еркеш Хасен өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шараның басты мақсаты — ел егемендігі мен тәуелсіздігін дәріптеу, ұлттық бірлік пен отансүйгіштік құндылықтарды ұлықтау. Республика күні халқымыздың өткен жолын саралап, тәуелсіздіктің терең мәнін ұғындыратын маңызды тарихи дата. Мерекелік бағдарлама ертең де «Астана» алаңында өз жалғасын тауып, соңы сән-салтанатты отшашумен қорытындыланады.