Republic Day және Bereke Fest: қазақстандықтар мерекелік жеңілдіктерді қайдан таба алады

Мерекелік ұсыныстар офлайн сауда орындарында да, онлайн платформаларда да қолжетімді

Republic Day және Bereke Fest: қазақстандықтар мерекелік жеңілдіктерді қайдан таба алады
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанның барлық 20 өңірінде Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары өтуде. Ауқымды мерекелік науқанға еліміз бойынша 649 сауда нысаны қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Акция аясында сатып алушыларға азық-түлік пен халық тұтынатын өзге де тауарлар арнайы қолжетімді бағамен ұсынылып жатыр. Жекелеген тауар түрлеріне 50% дейінгі жеңілдіктер қарастырылған.

Мерекелік ұсыныстар офлайн сауда орындарында да, онлайн платформаларда да қолжетімді. Науқанға сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, ірі бөлшек сауда желілері және қазақстандық маркетплейстер атсалысуда.

Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі қатысса, Bereke Fest аясында 417 сауда желісінің дүкені жұмыс істейді.

Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін акцияға қатысатын сауда нысандары мен олардың мекенжайлары туралы толық ақпарат жергілікті әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында жарияланды. Әр өңір бойынша дүкендер тізімімен әкімдіктер ұсынған ресми сілтемелер арқылы танысуға болады.

Еске салайық, Republic Day және Bereke Festакциялары 2026 жылғы 27 қазанды қоса алғанда жалғасады.