Түркістан облысында тағы екі мақта өңдеу зауыты іске қосылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Кәсіпорынның алғашқы екі зауыты былтыр іске қосылған болатын

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы Отырар ауданы Сырдария елді мекенінде «Түркістан тоқыма» ЖШС-нің тағы екі мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кәсіпорынның алғашқы екі зауыты былтыр іске қосылған болатын. Осылайша, «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан төрт зауыттан тұратын ірі өндірістік кешен толық қуатында жұмыс істей бастады.

Жаңа өндіріс орындарының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңір экономикасы мен мақта-тоқыма кластерін дамытудағы маңызын атап өтті.

Кешен құрамындағы төрт зауыттың құрылысына жалпы 17,129 млрд теңге инвестиция салынды. Өндірістік нысандар 76,2 гектар аумақты алып жатыр. Кешен жылына 320 мың тонна мақта шикізатын өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар үшін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Кәсіпорында мақта өңдеудің озық қытайлық технологиялары қолданылады. Өндіріс процесі шикізатты тазалау, кептіру, талшықты тұқымнан ажырату, престеу және қаптау кезеңдерін толық қамтиды.