Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 189 мың гектардан астам аумақ қоқыстан тазартылды
Республика күні қарсаңында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында еліміздің барлық өңірінде ауқымды экологиялық акция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Табиғатты қорғау мен өңірлерді көркейтуге бағытталған бұл шараға студенттер, еріктілер, жергілікті әкімдіктер мен аумақтық экология департаменттерінің өкілдері белсене қатысты. Жалпы жиынға 353 мыңнан астам азамат жұмылдырылды.
Қатысушылар бірлесе отырып қоғамдық орындарды, саябақтар мен көшелерді тұрмыстық қалдықтардан тазартып, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 189 мың гектардан астам аумақ қоқыстан тазартылды. 32 мың тоннадан астам қалдық жиналып, полигондарға жеткізілсе, 1,8 мың тоннадан астамы сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілді. Сонымен қатар елді мекендерде 27 мыңнан астам ағаш пен бұта көшеті егілді.
Бұл бастама азаматтар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға және қоршаған ортаны сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай сенбіліктер мен көгалдандыру шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаспақ.