Павлодарда тісін емдеткен үш жасар бала жансақтау бөліміне түсті
Баланың туыстары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері оқиғаның мән-жайына қатысты түсініктеме берді
Павлодарлық дәрігерлер стоматологиялық клиникада тісін емдеу кезінде жағдайы күрт нашарлаған үш жасар қыздың өмірі үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баланың туыстары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері оқиғаның мән-жайына қатысты түсініктеме берді.
«Типичный Павлодар» Instagram-парақшасында жарияланған туысының хабарламасы бойынша, оқиға 21 қазанда болған. Тіс дәрігерінің креслосында отырған кішкентай қыздың көзі шарасынан шығып, тыныс алуы қиындаған.
Туысының айтуынша, анасы қарсылық білдіргеніне қарамастан, стоматолог «бұл өтіп кетеді» деп процедураны жалғастыра берген. Дәрігерлер бастапқыда жедел жәрдем шақыруға асықпаған, кейін оны көрші кабинеттегі медбике шақыртқан. Процедура кезінде бала есінен танып, аузынан көбік аққан. Туысының мәліметінше, жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі бір рет, ал облыстық балалар ауруханасында екінші рет тоқтаған.
Бүгінгі таңда кішкентай пациент жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратында жатыр.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2023 жылы туған баланың 21 қазанда сағат 15:45-те өте ауыр жағдайда реанимацияға түскенін растады.
22 қазанда UMC Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының және Кардиохирургия орталығының білікті дәрігерлерімен телемедициналық консультация өткізіліп, емдеу тактикасы келісілді.
Клиника өкілдері барлық емдік шаралар медициналық хаттамаға сай жүргізілгенін мәлімдеп, ресми тексеріс аяқталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр. Жағдайды өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы жеке бақылауына алды.