Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов еліміздің және өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттар табыс етті
Республика күні қарсаңында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов еліміздің және өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттар табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңір басшысы Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, бұл мерекенің халықтың бірлігі мен жасампаздыққа деген ұмтылысын сипаттайтынын айтты.
«25 қазан - елдігіміздің ақ жолы айқындалған тарихи күн. Бүгінде Қазақстан экономикалық әлеуеті зор, әлемдік қауымдастықта өз орны бар, болашағына сеніммен қарайтын мемлекетке айналды. Атырау облысы үшін экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту, инвестиция тарту және халықтың өмір сапасын арттыру маңызды басымдықтар санатында. Ал біздің баға жетпес құндылығымыз — бейбітшілік пен татулық. Әр азаматтың адал еңбегі – еліміздің алдағы дамуының кепілі. Бірлігіміз бізді жаңа жетістіктерге бастасын! Еліміздің ертеңі еңселі, келешегі кемел болсын», — деді Болат Ақшолақов.
Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен еңбек ардагерлері, өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ саласы, көлік, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен қорытындыланды.