«Republic Day» және «Bereke Fest»: мерекеге орай дүкендерде акциялар өтіп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Сауда-саттықтағы мерекелік арнайы ұсыныстар 27 қазанға дейін жалғасады

Фото: скриншот

Қазақстанда Республика күніне орай өтіп жатқан «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары аясында сауда белсенділігі күрт артты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

17–27 қазан аралығында өтіп жатқан шараға еліміз бойынша 649 сауда нысаны (232-сі Republic Day, 417-сі Bereke Fest) және танымал маркетплейстер қосылды. Дүкендердегі жеңілдіктер мөлшері 50% дейін жетіп отыр.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, сатып алушылар арасында маусымдық киім-кешек, азық-түлік, тұрмыстық химия мен техникаға сұраныс жоғары.

Күзгі-қысқы маусымның басталуына байланысты тұрғындар күртеше, пальто, джинсы, жемпір және спорттық киімдерді белсенді сатып алып жатыр. Алматыда күртелердің бағасы 39 990 теңгеден 25 990 теңгеге, джинсы 13 990 теңгеге, ал балаларға арналған спорттық костюмдер 13 740 теңгеге дейін арзандаған. Астана, Атырау және Қостанай қалаларында балалар киімі мен парфюмерияға 50% дейін жеңілдік ұсынылған. Ал Шымкентте өткен аймен салыстырғанда киім сатылымы 18%, аяқкиім сатылымы 16% өскен.

«Bereke Fest» акциясы аясында күнбағыс майы, ұн, қант, жарма, сүт өнімдері мен жұмыртқаға сұраныс артқан. Ұлытау және Алматы облыстарындағы Magnum, Small, Toimart сауда желілерінде тауар айналымы 20–25% өскен. Павлодарда негізгі азық-түлік өнімдеріне 50% дейін жеңілдік ұсынылуда. Сонымен қатар Астанада кір жуғыш ұнтақтардың бағасы 45% дейін төмендеген. Шымкентте балалар тағамының сатылымы 30% , ал Қарағандыда кір жуу құралдарының сатылымы 20% артқан.

Сонымен қатар, тұрмыстық техника мен электроника сатылымы да жоғары көрсеткіш көрсетуде. Сауда-саттықтағы мерекелік арнайы ұсыныстар 27 қазанға дейін жалғасады.